ИЗРАИЛЬДІК ТӘСІЛМЕН ТАБЫСЫН АРТТЫРЫП ОТЫРҒАН ҚОЖАЛЫҚ

Версия для печати

Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығы құрылған күнінен бастап Израильдік тамшылатып суғару әдісін қолданып, көл-көсір табысқа кенеліп отыр.
Қожалық иелігіндегі 285 гектар жердің биыл 110 гектарына дән сепкен. Оның 40 гектары бақша өнімдері болса 6 гектарына қырыққабат, қалғанына 10 түрлі пияз еккен. Одан бөлек милагро және оңтүстік Кореялық пияз сорттарына тәжірибе жасап, жерсіңдіріп жатыр екен. 15 тамыздан бастап қысқы пияз бен егілген бақша өнімдерінің орынына қырыққабат көшеттерін отырғызып, екінші өнімге әрекет жасамақ. Өнімдерін Ресей, Белорус елдерімен қатар Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтіп отырған қожалық тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы ағын суды үнемдеп, өнім көлемін екі есеге арттырған.

«Біз егістікті беткейлетіп суғаратын болсақ гектарынан 60 – 70 центнер ғана өнім аламыз. Ал, тамшылатып суғару әдісі арқылы бүгінде өнімділік екі есеге дейін артып отыр. Біз биыл 285 гектардың 110 гектарын игеріп отырмыз, қалған жер келесі жылға дейін демалады. Келесі жылы 175 гектарға тұқым сепсек, биылғы егін егілген жер демалады» дейді «Тұрар» шаруа қожалығының іс басқарушысы Тастанбек Алимов.
Осылайша егістік алқапқа түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген қожалық алғашқы пияздарының келісін биылғы елдегі жағдайға байланысты 90 теңгеден сатса, қазір 60-65 теңгеден өткізуде. Жергілікті 20 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Жиын-терім науқанында жұмысшылар саны 70-ке жуық тұрғын қожалықта еңбек етіп, қосымша нәпақы табады екен.

Бауыржан НАЙМАНОВ