ШАРДАРАЛЫҚ ЖІГІТ ЖҰМЫРТҚА САТЫП МИЛЛИОНЕР АТАНЫП ОТЫР

Версия для печати

2019 жылдың қазан айында Жаушықұм ауылының тұрғыны Құралбек Дүйсебаев Талдықорған қаласынан 5 мың бас балапан сатып әкеліп, арнайы қорада күтіп-баптаған. Сол балапандардың басым бөлігі бүгінде өнімін беріп, ауданды жұмыртқамен қамтып отыр. Шаруа күніне шамамен 3,5 – 4 мың дана жұмыртқа сатып, 100 мың теңгеге дейін табыс тауып отыр. «Алғашында жұмыртқаны көршілес Жетісай, Мақтаарал аудандарына жіберіп отырдық. Ол жақта халық та көп, сұраныс та жоғары. Бертін келе Шардара ауданын сырттан келетін бағасы қымбат жұмыртқалардан арылту мақсатында бәсекелестікке түсіп, өз ауданымызға өткізе бастадық. Бүгін міне күніне 4 мыңға тарта жұмыртқа өткізудеміз. Сұраныс жақсы, бағасы да қолжетімді» дейді Құралбек Дүйсебаевтың інісі Алтынбек.
Алғашында 400 басқа жуық ірі қара бордақылап, кейіннен 200-ге тарта жылқы өсірген ағайынды Дүйсебековтер осылайша құс шаруашылығын дамытып отыр.

«Тауық өсірудің де өзіндік қыр-сыры бар – бір күндік балапан кезінен 4 айлығына дейін ұқыппен қарап, бүкіл ем-домын жасаймыз. Өйтпеген жағдайда біреуі ауырса бәріне жұғады, қырылып қалуы да мүмкін. 4 айына дейін ауырмаған құс ары қарай да ауыра қоймайды» дейді шаруашылықтың бар ісіне жауапты Алтынбек.
Кәсіпті бастарда Жаушықұм ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен құжаттарын түгендеп, мемлекеттен 15 млн теңге несие алған кәсіпкерлер алдағы уақытта да шаруашылықтарын кеңейтіп, тағы 10 мың бас құсқа жай дайындап жатыр. Өйткені, қазірдің өзінде 5 мың бастан айына орта есеппен 3 млн теңгеге жуық табыс тауып, жергілікті 6 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осы Жаушықұм ауылдық округінде қолға алынған етті бағыттағы құс шаруашылығы аудандағы мейрамханалар мен балабақшаларды етпен қамтамасыз етіп келеді.

Бауыржан НАЙМАНОВ