Жақында мен өзімнің зейнетақы жинақтарымды БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аудара алатынымды білдім

Версия для печати

Жақында мен өзімнің зейнетақы жинақтарымды БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аудара алатынымды білдім.  Ол үшін менің шотымда қаншалықты сома болуы керек және қаражатымды сақтандыру ұйымына аударған немесе БЖЗҚ-да қалдырған жағдайда қандай төлем алатынымды білсем бола ма?  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының әрбір салымшысы Қордың сайтындағы ең танымал сервистердің бірі – болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалана отырып, БЖЗҚ-дан да, сақтандыру ұйымынан да алатын өзінің болашақ зейнетақы төлемдерін дербес есептей алады. Атап айтқанда, ол Қазақстанның көп деңгейлі зейнетақы жүйесі аясындағы зейнетақының барлық құрамдауыштарын қамтиды: мемлекеттік базалық зейнетақы және жасына байланысты зейнетақы (немесе ортақ), сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы.

Зейнетақы жинақтарының (МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан) болжамды мөлшері зейнеткерлік жасқа толуға жеткілікті болған жағдайда, пайдаланушыға болашақта сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау және зейнетақы төлемдерін өмір бойына алу мүмкіндігі туралы хабарламасы бар қалқымалы терезе пайда болады. Есептеу сақтандыру ұйымынан берілетін аннуитеттік төлемнің болжамды мөлшерін сол жерде білуге мүмкіндік береді. Осылайша Сіз оны БЖЗҚ-дан кесте бойынша берілетін төлемдермен өзіңізше салыстыруға қол жеткізе аласыз.  

Есептеу оңай және өте қарапайым. Ол үшін болжамды калькулятордағы туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтың сомасы және т. б. сияқты барлық қажетті бағандарды толтыру керек. Егер enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте тіркелген болсаңыз, онда калькулятордағы бағандар автоматты түрде толтырылады және болашақ зейнетақыңыздың есебі екі-үш рет басқанда-ақ жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан берілетін болашақ төлемдеріңізді есептеу нәтижесі үш сценарийде  беріледі: пессимистік, шынайы және оптимистік. Барлық үш нұсқа кірістіліктің болжамды деңгейін ескереді. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты құндық көріністе (болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегере отырып) ұсынылады. Сонымен қатар зейнеткерлікке шығатын жасыңыз бен мерзімді, жинағыңыз таусылатын жыл санын және т. б. көре аласыз.

Жоғарыда аталған тамаша мүмкіндіктермен қатар enpf.kz сайтында сақтандыру ұйымына аудару үшін ағымдағы жылы жинақталған зейнетақы қаражатының жеткілікті сомасын есептеу мүмкіндігі де бар. Ол үшін Сізге «Жинақтарды ӨСК-ге аудару» бағанындағы зейнетақы калькуляторы қажет болады.