ЕАЭО елдерінде еңбек ету кезінде ҚР азаматтарына нені білу керек?

Версия для печати

2019 жылдың 20 желтоқсанында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше- мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімге қол қойды. Ол ЕАЭО елдерінің еңбеккерлерін және олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін реттейді.

 Келісімге қол қойылды. Бірақ ол ЕАЭО-ның барлық елдерінің парламенттері бекіткеннен кейін ғана өз күшіне енеді.

Дегенмен ЕАЭО елдерінің азаматтарына, соның ішінде ЕАЭО елдерінде еңбек ететін Қазақстан Республикасының азаматтарына мыналарды білу қажет:

1) ЕАЭО елдеріне: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей жатады;

2) Келісімде басқа мүше-мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметін жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтарын қалыптастырған не қалыптастырып жүрген ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттің азаматы еңбеккер болып есептелетіні айқындалған;

3) Еңбекшілердің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтарының зейнетақы құқықтары қалыптастырылатын тәртіп пен жағдайларда зейнетақы жарналары есебінен жүзеге асырылады.

Зейнетақы жарналарына:

Арменияда – зейнетақы алуға құқық беретін салықтар және (немесе) өзге де жарналар;

Беларусьте – міндетті зейнетақы сақтандырылуына аударылған сақтандыру жарналары;

Қазақстанда – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған зейнетақы жарналары;

Қырғызстанда – Зейнетақы қорына және Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған сақтандыру жарналары;

Ресейде – міндетті зейнетақы сақтандырылуына аударылған сақтандыру жарналары жатады.

ЕАЭО-ға мүше әр елде зейнетақы жарналары ресми түрде жұмысқа орналасқан, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істеп жүрген еңбеккерлер үшін аударылады, тиісінше, егер азамат көлеңкелі секторда еңбек етіп жүрген болса, онда ол үшін зейнетақы жарналары аударылмайды және оған қатысты бұл Келісім қолданылмайды.

         Осыған байланысты  еңбеккерлерге, соның ішінде ЕАЭО елдерінде еңбек қызметін жүзеге асыратын немесе болашақта жүзеге асыруды жоспарлап жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына зейнетақы құқықтарын қалыптастыру және оларды кейіннен Келісім аясында іске асыру мақсатында (Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО елдерінде жинақтаған еңбек өтілі үшін зейнетақы алу) жұмыс берушілермен міндетті түрде еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарын жасау қажет.